Жұмыс істейтін студенттердің медициналық сақтандыруы кім төлейді?
Студент болу – жаңалықтарға толы, белсенді әлеуметтік өмір мен, әрине, оқу кезеңі. Алайда денсаулық туралы да ұмытпау керек. Көптеген студенттер «Мен қандай медициналық қызметтерді тегін ала аламын?» деген сұрақ қояды. Осы сұраққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі жауап береді.
№3 қалалық емхана қызметкерлері студенттердің МӘМС аясындағы құқықтары туралы сұрақтарды жиі естиді. Ең көп қойылатын сұрақтардың бірі: «Егер мен студент болсам, тегін медициналық көмек ала аламын ба?»
«Күндізгі оқу форматында оқитын студенттер жеңілдікті санатқа жатады және олар үшін МӘМС жарнасын мемлекет төлейді», – дейді №3 қалалық емхананың терапевт дәрігері Қайрат Досбол. – «Яғни, олар МӘМС пакеті аясында тегін медициналық қызметтерге: тар мамандардың кеңесіне, диагностикаға, соның ішінде қымбат тұратын талдаулар мен зерттеулерге, профилактикалық тексерулерге және т.б. құқылы».
Тәжірибе көрсеткендей, МӘМС-тың маңыздылығына қарамастан, барлық жастар өз құқықтары туралы біле бермейді. Әсіресе, жұмыс істейтін студенттердің жарна төлеу және медициналық қызмет алу мәселелері өзекті болып отыр.
Емхана қызметкерлерінің айтуынша, егер сіз күндізгі оқу форматында оқып және қосымша жұмыс істесеңіз, онда жұмыс берушіңіз сіз үшін МӘМС-ке жарна төлеуге міндетті емес. «Жұмыс берушіге студент екеніңізді растайтын оқу орнынан анықтама берсеңіз жеткілікті», – дейді терапевт Қайрат Досбол.
Дәрігер магистратура немесе аспирантурада оқитын болсаңыз ғана МӘМС-тағы жеңілдікті статусы сақталатынын ескертеді.
Егер сіздің сақтандырылған мәртебеңіз болмаса, онда сіз тек терапевт дәрігерге қарала аласыз. Өкінішке орай, бұл жағдайда дәрігер сізді талдауға немесе тар мамандарға жібере алмайды. Толыққанды медициналық көмек алу үшін сақтандырылған болуыңыз қажет.
№3 қалалық емхана қызметкерлері студенттерге МӘМС жүйесіндегі құқықтары мен мүмкіндіктерін түсінуге көмектесу үшін жұмыстарын жалғастыруда. Олар кез келген сұраққа жауап беріп, әрбір студент өз құқығын медициналық көмек алуға пайдалана алатындай етіп қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге дайын.